Sherzat_kk_obs/28.md

4.0 KiB
Raw Blame History

28. Аса дәулетті бай жігіт

Frame 28-01

Сол кезде аса дәулетті бай жігіт Исаға келіп: “Ізгі Ұстаз, мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек?” — деген сұрақ қойды. Иса оған: “Мені неге ізгі дейсің? Тек Құдай ғана ізгі. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол!” — деп жауап берді.

Frame 28-02

Әлгі жігіт: “Өсиеттердің қайсыларын орындауым керек?” — деп сұрады. Иса: “Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ата-анаңды сыйла!” және “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” — деді.

Frame 28-03

Жас жігіт: “Мен бұл өсиеттердің барлығын бала күнімнен орындап келемін. Мәңгілік өмір сүру үшін тағы не істеуім керек?” — деді. Иса оған сүйіспеншілікпен қарап:

Frame 28-04

“Егер кемелді болғың келсе, бар да, барыңды сатып, ақшасын кедейлерге тарат. Сонда қазынаң көкте болады. Содан кейін қайтіп келіп, Менің артымнан ер.” — деді.

Frame 28-05

Исаның сөзін естіген кезде жігіт қатты қапаланып, Оның қасынан кетіп қалады. Себебі ол аса бай болатын және бар байлығынан айырылғысы келмеді.

Frame 28-06

Сонда Иса шәкірттеріне: “Байлардың Құдай патшалығына кіруі тым қиын! Байдың Құдай патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай.” -деді.

Frame 28-07

Исаның сөзін естіген шәкірттері қатты таңғалып: “Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?” — деп сұрады.

Frame 28-08

Иса шәкірттеріне қарап, былай деп жауап берді: “Адамдар өздерін құтқара алмайды. Бірақ Құдайға мүмкін емес нәрсе жоқ”

Frame 28-09

Сонда Петір Исадан: “Біз, шәкірттерің болып, бәрін тастап, Сенің соңыңнан еріп жүрміз. Сонда біздің сиымыз қандай болмақ?” - деді.

Frame 28-10

Иса былай деп жауап берді: “Маған бола үй-ішін, бауырларын, ата-анасын, бала-шағасы мен дүние-мүлкін тастаған әркім жүз есе артығымен алады. Сонымен бірге ол мәңгілік өмірге ие болады. Алдыңғы қатардағылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады”.

Матай 19:16-30, Марқа 10:17-31 және Лұқа 18:18-30 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі