Sherzat_kk_obs/27.md

5.0 KiB
Raw Permalink Blame History

27. Қайырымды самариялық туралы әңгіме

Frame 27-01

Бір күні Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исаның ұстанған ілімінің қате екенін адамдарға көрсету үшін келді. Сондықтан ол: “Ұстаз, мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек?” — деп сұрағанда, Иса оған: “Таурат заңында не деп жазылған?” — деген сауал қойды.

Frame 27-02

Сол адам былай деп жауап берді: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Және “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” делінген. Иса оған: “Дұрыс жауап бердің. Осылай істейтін бол, сонда мәңгі өмірге ие боласың,” — деді.

Frame 27-03

Таурат заңын үйретуші ғұлама адамдардың алдында өзінің өмір сүру салты дұрыс екенін көрсеткісі келіп, Исадан: “Сонда “маңайымдағы адам” кім болғаны?” — деп сұрады.

Frame 27-04

Иса Таурат заңын үйретуші ғұламаға жауап беріп бір оқиғаны айтып берді: “Бірде бір яһуди Иерусалимнен Иерихонға келе жатқан еді.

Frame 27-05

Жолда оған қарақшылар шабуыл жасады. Олар оның барын тартып алып, шала-жансар етіп ұрып, қашып кетеді.

Frame 27-06

Көп ұзамай сол жолмен бір яһуди діни қызметкері өтеді. Жолда бір адамның жатқанын көрді де, арғы бетке өтіп кетті. Діни қызметкер адамға көмектеспей ары қарай кете берді.

Frame 27-07

Содан кейін қасынан бір леуілік өтеді. Леуіліктер — Леуі руынан шыққан яһудиліктер еді, олар ғибадатхана қызметшілері болған. Әлгі адамның қасына келіп, бір қарады да көмектеспей өтіп кетті.

Frame 27-08

Леуіліктен кейін сол жолмен самариялық келе жатады. Сол уақыттарда самариялықтар мен яһудилер бір-бірін жек көретін, тіпті араласпайтын. Самариялық жолда жарақаттанған адамды көреді. Сол адамның яһудилік екенін түсінсе де, оған жаны ашып көмегін көрсетеді. Самариялық жарақаттанған адамның қасына барып, жараларын жуып-шайып, таңады.

Frame 27-09

Одан кейін оны көтеріп есегіне мінгізеді де, жол бойында тұрған қонақүйге апарады. Сол жерде самариялық жарақаттанған адамға көмегін көрсетіп, оны күтеді.

Frame 27-10

Келесі күні самариялық жолға шығу керек болды. Ол қонақүйдің иесіне ақша беріп: “Мына адамға қамқорлық жасаңыз. Мен берген ақшадан көп жұмсасаңыз, қайтып оралған кезде төлеймін” — деді.”

Frame 27-11

Иса Таурат заңын үйретушіден былай деп сұрады: “Қарақшылар тонап, ұрып кеткен адам үшін, кім “маңайындағы адам” болды?” Үйретуші: “Оған қайырымдылық көрсетіп, көмектескен адам” — деп жауап берді. Сонда Иса оған: “Барып, сен де солай істе” — деді.

Лұқа жазған ізгі хабар 10:25-37 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі